Көмірлі өлкенің аграрлық келбеті: Қарағандыда картоптан қара уылдырыққа дейін өндіріледі

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысы көмірі мен металлургиясымен ғана танымал емес. Өңірдің кең алқаптарында астық пен картоп өсіріліп, тұқым өндіріледі, мал шаруашылығы дамып келеді. Ал арнайы су айдындарында бекіре тұқымдас балықтар өсіріліп, одан дастарқанға сән беретін қара уылдырық алынады. Бұл бағыттардың әрқайсысының өзіндік технологиясы, ауқымы мен күнделікті тынымсыз еңбегі бар.

Картоптан қара уылдырыққа дейін: Қарағандының агроөнеркәсібі қалай дамып келеді
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Өнімнің бастауы — сапалы тұқым

Нұра ауданының Шахтерское ауылында орналасқан өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі — «Шахтерское» ЖШС егін шаруашылығын, тұқым өндірісін және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Шаруашылықтың жер қоры 56 мың гектардан асады. Мұнда дәнді және майлы дақылдар, зығыр, арпа мен картоп өсіріледі. Кәсіпорын картоп бойынша элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие.

Жиналған өнімнің бір бөлігі шаруашылықтың өз қоймаларында сақталады. «Сарыбел НАН» элеваторы бір мезгілде 35 мың тонна астық сақтауға есептелген. Мұнда астық әуелі зертханалық бақылаудан өтіп, кейін кептіріліп, тазаланады да, сақтауға жөнелтіледі. Ал картопты сақтауға арналған қойманың сыйымдылығы 17 мың тоннаға дейін жетеді. Қазір тағы бірнеше нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

бидай
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Сонымен қатар шаруашылық суармалы жер көлемін ұлғайтып, сүтті мал шаруашылығын дамытып келеді. Сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі 1 200 бас сауынды малға арналған. Ал болашақта оның қуатын 6 000 басқа дейін жеткізу жоспарланған.

— Шаруашылықты кешенді түрде дамытуға тырысамыз: егін шаруашылығы, тұқым өндірісі, мал шаруашылығы және өнімді сақтау бір-бірінен бөлек емес, өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтырып жұмыс істеуі керек, — дейді «Шахтерское» ЖШС басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Прокоп.

Георгий Прокоп
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Мұндай тәсіл өнімді өсіріп қана қоймай, оны келесі маусымға дейін сақтауға мүмкіндік береді. Ал тұқым шаруашылығының дамуы өзге де шаруашылықтарды егін өсіруге арналған жергілікті тұқымдық материалмен қамтамасыз етуге жол ашады.

Дәстүрлі шаруашылықтан бөлек бағыт

Ауыл шаруашылығының мүлде басқа бағыты «Қарағанды Осетр» ЖШС-де дамып келеді. Ауылдық жерде орналасқан бұл кешеннің құрылысы 2013 жылы басталып, 2015 жылы іске қосылған. Мұнда сүйрік, сібір және орыс бекіресі, сондай-ақ қортпа мен амур бекіресінің буданы өсіріледі.

балық
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Өндіріс тұйық цикл қағидатына негізделген. Кәсіпорын уылдырықты инкубациялаудан бастап, шабақты өсіру және балықты одан әрі күтіп-бағуға дейінгі барлық кезеңді өзі жүзеге асырады. Су артезиан ұңғымаларынан алынып, қосымша ультракүлгін сәулемен тазартылады.

балық
Фото: Kazinform

Кешенде 13 бассейн бар. Олардағы судың жалпы көлемі шамамен 600 текше метр болады.

Картоптан қара уылдырыққа дейін: Қарағандының агроөнеркәсібі қалай дамып келеді
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Су сапасы мен балыққа қажетті жағдайды автоматтандырылған жүйе бақылап отырады. Қандай да бір көрсеткіш белгіленген мөлшерден ауытқыса, жүйе қызметкерлерге бірден белгі береді.

Картоптан қара уылдырыққа дейін: Қарағандының агроөнеркәсібі қалай дамып келеді
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

— Кешеніміз біршама автоматтандырылған. Судың негізгі көрсеткіштерін электроника бақылайды. Мысалы, оттегі мөлшері төмендесе немесе басқа да көрсеткіштер өзгерсе, дабыл жүйесі іске қосылып, қызметкерлер бірден әрекет етеді, — деді «Қарағанды Осетр» ЖШС директоры Дмитрий Абильдин.

Кәсіпорын тауарлық балықпен қатар қара уылдырық та өндіреді. Жобалық қуаты жылына 45 тонна балық пен 2,5 тонна уылдырық өндіруге есептелген. Өнім Қазақстан нарығында сатылады және ТМД елдеріне экспортталады. Кәсіпорын бір кездері уылдырықты АҚШ-қа да экспорттап көрген.

қара уылдырық
Фото: Айза Агильбаева/Kazinform

Бекіре тұқымдас балықтарды өсіруде тек балықтың өзін емес, оның жемін, судың сапасын және балық отырғызу материалын да тұрақты бақылауда ұстау қажет. Бұл шығындардың бір бөлігі мемлекеттік қолдау аясында өтеледі.

— Біз балықты өзіміз көбейтеміз: уылдырықты өзіміз инкубациялап, шабақ өсіреміз. Сонымен қатар басқа шаруашылықтардан да балық сатып аламыз. Біз үшін уылдырық алудан бастап тауарлық балық өсіруге дейінгі толық өндірістік циклді сақтау маңызды, — дейді Дмитрий Абильдин.

Дмитрий Абильдин
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Екі кәсіпорынның бағыты мүлде бөлек болғанымен, нәтижесі ортақ — өңірдің ауыл шаруашылығы біртіндеп дәстүрлі дақылдар мен өндіріс түрлерінің аясынан кеңейіп келеді. Картоп алқаптарының маңында заманауи қоймалар мен сүт кешендері бой көтерсе, дәстүрлі ферма ұғымы өнеркәсіптік балық өсірумен толықты. Мұнда жуырда ғана негізінен импортпен байланысты болған өнім — қара уылдырық та өндіріледі.

Картоптан қара уылдырыққа дейін: Қарағандының агроөнеркәсібі қалай дамып келеді
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Жекелеген шаруашылықтар өз алдына оқшау жұмыс істеп жатқан жоқ. Олардың артында өңірдегі тұтас аграрлық өндіріс жүйесі қалыптасып келеді. 2025 жылы Қарағанды облысында 519,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. 2026 жылдың сегіз айында жалпы өнім көлемі 236,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7% өсті. Мал шаруашылығында да өсім бар: ет өндіру 3,9%-ға, сүт өндіру 5,5%-ға артты.

Қазір облыста суармалы жер көлемі ұлғайтылып, сүт-тауар фермалары мен картоп қоймалары салынуда, өңдеу кәсіпорындары жаңғыртылып, өнеркәсіптік бекіре өсіру секілді жаңа бағыттар пайда болуда. 2026 жылдың сегіз айында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 46,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,4%-ға көп. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін 559,6 млрд теңгеге жеткізу және агроөнеркәсіптік кешенге 113,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Осылайша, өңірдің қазіргі ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек «егістік пен фермадан» тұрмайды. Бүгінде бұл — өнімді өсіріп қана қоймай, оны сақтап, өңдеп, тұтынушыға жеткізетін тұтас жүйе. Оның ішінде күнделікті дастарқаннан табылатын картоп пен сүттен бастап, қосылған құны жоғары өнімдердің бірі — қара уылдырыққа дейін бар.

Бұған дейін Астанаға үш облыстан 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілгенін жазғанбыз.