Қарттар күні Алматыда өз деңгейінде атап өтіледі - қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Ә. Құлмаханов
бекітілген.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Ал БҰҰ мәліметінше, бүгінгі таңда қазақстандықтардың 7,5 пайызын жасы 65-тен асқан адамдар құрайды екен. Халықаралық қарттар күніне орай қарттардың әлеуметтік жағдайы мен оларға көрсетіліп жатқан қамқорлықтар туралы білу үшін Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Әмір Құлмахановпен сұхбаттасқан едік.
-Әмір аға, халықаралық қарттар күніне орай басқарма тарапынан қандай іс-шаралар ұйымдастырмақсыздар?
- Біз дәстүрлі түрде жыл сайын Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Қарттар айлығы» шарасын ұйымдастырамыз. Жалпы Алматы қаласында жеті аудан бар екендігін ескерсек, ондағы жергілікті атқару орындарына өз аудандарындағы қарттармен жұмыс жасауы үшін нақты тапсырмалар берілген. Соған байланысты қарттар күнінде әрбір мекемедегі қарттарға құрмет жасалынып, олардың жағдайларымен танысып, көмектерін көрсетіп отырады.
Жалпы аудандық әкімшіліктер ардагерлердің жағдайын білу үшін тұрақты түрде олардың үйлерін аралап, қажеттіліктерімен жіті танысып, мұқтаждықтарын өтеп отырады. Қаламыздағы соғыс және еңбек ардагерлері мен мүгедектердің кейбірінің үйлері жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Оларға қолымыздан келгенше қол ұшын беруге тырысамыз. Әр мекеме өзіне қарасты қарттардың жағдайын біліп, қажетті көмектерін көрсетіп, мерекелер кезінде арнайы дастархан жайып бәрінің басын қосып тұрады. Мұндай шара бізде де жасалады. Биыл Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында ұзақ жыл қызмет жасап демалысқа шыққан қариялар мен қалалық ардагерлер кеңесінен 100-ге жуық адамға арнап мерекелік шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
- Биыл Ұлы Жеңіске 65 жыл толды. Бұл мереке қаламызда өз деңгейінде аталып өтті деп айта аласыз ба?
- Қарттарға әлеуметтік жағдай жасау мәселесі мемлекет бойынша қолға алынып жатыр. Осы орайда Ұлы Жеңістің 65 жылдығында соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткендерге республикалық және жергілікті әкімшіліктен үлкен қамқорлықтар жасалды. Яғни мемлекеттік бюджеттен соғысқа қатысқандардың барлығына 25 мың теңгеден және тылда еңбек еткен азаматтарға 10 мыңнан қаржы бөлінді. Біз өз тарапымыздан жергілікті бюджет қаражатынан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 25 мың теңгеден көмек бөлдік. Қала әкімінің арнайы шешімімен Алматыда тіркелген 2260 соғыс ардагері мен соғыс мүгедектерінің коммуналдық төлемдеріне жеңілдік жасау үшін 56 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сондай-ақ, тіркеуде тұрған 120 Ұлы Отан соғысының ардагеріне түгелдей пәтер берілді. Оған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді және де кейбір мекемелер демеушілік жасады. Соның нәтижесінде кезекте тұрған ардагерлердің барлығы тұрғын үймен толық қамтамасыз етілді. Олар түгелдей дерлік барлығы басқа аймақтардан көшіп келген ардагерлер.
- Егде адамдар қандай жеңілдіктерге ие?
- Бүгінгі таңда барлық қарттарымызға жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отырады. Ол қаржы соғыс ардагерлері мен соғыс мүгедектерінің қоғамдық көлікте тегін жүруіне жұмсалады. Мәселен, қарттарымыздың денсаулықтарын тексертіп, шипажайларда тынығып, емделуіне жолдама беру үшін 169 миллион теңге төңірегінде қаржы бөлініп отыр. Ал зейнеттегі басқа адамдарға жолдама құнының 50 пайызына жеңілдіктер жасалған. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен қарттарға арнайы жәрдемақы төленіп, материалдық және тағы басқа арнаулы көмектер көрсетіліп тұрады.
- Қаламыздағы ардагерлер үйінде тұратын қартарға қандай жағдай жасалған?
- Алматыда 350 орынды қарттар үйі бар. Онда тұратын адамдарға бар жағдай жасалған деп айтсақ болады. Онда қарттардың бос уақытын тиімді өткізу үшін музыкалық үйірмелер, дене шынықтыруға араналған спорт залдары және кітапханалар мен намаз оқитын орындар бар. Ардагерлер үйіне сондай-ақ, кәсіпкерлер де өз шамаларына қарай көмек көрсетіп тұрады.
- Әңгімеңізге рахмет.