Қарттар мен мүгедектігі бар балаларды қорлаған студенттің ісін арнайы комитет қарайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада пациенттер мен мүгедектігі бар балаларды қорлаған медицина студентінің ісін құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құқық қорғау органдары заң аясында қарап жатыр. Аталған істің мән-жайы медицина университеті жанындағы арнайы комитетте қаралады», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің пікірінше, ондай маманға диплом берілмеуі керек.
Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық медицина студентінің пациенттер мен мүгедектігі бар балаларды қорлағаны туралы хабарлаған едік.
«Іс бүгінде соңғы сатыда. Нәтижелері бойынша қорытынды процессуалдық шешім қабылданатын болады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Сонымен қатар, күдіктінің адвокаты материалдармен бір ай бойы танысып жатыр. Бас прокуратурамен байланыстамын, іс менің бақылауымда. Меніңше, мұндай іс-әрекеттер заңның бар қатаңдығымен қарастырылуы керек», - деген еді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.