Қарттар мерекесі Канадада бір ай тойланады

АСТАНА. ҚазАқпарат. Канадада қариялар айы басталды. Осы уақыт ішінде қарттарға барынша көмек көрсетіліп, олардың замандастарымен кездесіп, сырласуына жағдай жасалады. Тіпті компьютер мен ғаламторды пайдаланудың қыр-сыры үйретілмек, деп хабарлады www.24.kz.

Қарттар мерекесі Канадада бір ай тойланады

Канадада ел тұрғындарының 15%-ын 65 жастан асқан егде жастағы жандар құрайды. Осылайша бүгінде қарттардың қатары 5 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мамандардың айтуынша, енді 25 жылдан кейін Канададағы қариялардың қарасы тағы екі есеге ұлғаюы мүмкін.

- Біз Канада қоғамының басым бөлігі егде жастағы адамдар екендігін мойындауымыз керек. Бүгінгі күні оларға деген Үкіметтің назары әлі де жеткіліксіз. Мысалы, ата-аналарына балалары тарапынан жасалатын зорлық-замбылық деректері көбіне мұқият тексерілмей, қалып қояды, - дейді француз тілді зейнеткерлер федерациясының президенті Тереза Дорж.

Жергілікті Үкімет қолдауы мен егде жастағы адамдарға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалардың барына қарамастан, жасамыс жандардың жалғызбастылығы мен оларға медициналық көмек көрсету мәселесі әліге дейін өзінің өзектілігін жоймай келеді. Оның үстіне канадалық қарттардың өздеріне көрсетілген қызметтердің сапасына көңілі көншімей жүр.

Жылына бір рет болса да қарттар мерекесі канадалық ата-әжелер үшін өзінің үзеңгілес дос, сырлас замандастарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрудың жалғыз мүмкіндігі. Өйткені Канададағы тұрғын үйлердің бір-бірінен шалғай орналасуының өзі - қариялар үшін үлкен мәселе.