Қарттар үйінің тұрғындары Исекешевтен жаңа автобус бағдарын ашуды сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының көліктік кешенін дамыту бағдарламасына арналған қоғамдық тыңдаулар барысында қала тұрғыны Еркін Дәулетұлы қала әкімінен қарттар үшін қоғамдық көлікпен жүруді жеңілдетіп, сол жағалауға тікелей баратын бағдарды ашуды сұрады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің қоятын бір-ақ сұрағым бар. Осы мәселені Сізге дейін, Әсет Өрентайұлы, бірнеше рет әкімдікке жазылды. Бірақ ешқандай жауап ала алмадық. Мынау қарттар үйінде 300-ден астам қарттар мен мүгедектер тұрады. 200-ге тарта қызметкері бар. Міне, осылар тікелей сол жағалауға баратын бірде-бір көлік өтпейді. Осы мәселе бойынша мен жауапты адамдарда болғанмын. Бірақ олар шешкісі келмейді», - дейді қала тұрғыны.
Осы мәселеге жауапты лауазымды тұлғалардың айтуынша, алдағы уақытта қосымша автобустар сатып алынады. Осының арқасында жаңа бағдарларды енгізіп, қарттар үйіне жүретін тікелей автобусты жүргізуге мүмкіндік бар. Қарттар қазіргі 46-шы бағдарды бір-ақ шақырымға ғана созуға болады деп отыр. Алайда қала басшылығы оған келіспейді. Аталған мәселені жаңа автобустардың есебінен шешу көзделген.