Қарттар үйінің 101 жастағы тұрғыны ұзақ жасаудың сырын айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығының жұмыс істеп тұрғанына ширек ғасырға жуықтады. Онда қарттар мен бірінші, екінші топтағы мүгедектер тұрады. Kazinform тілшісі қарттар үйін паналаған жандармен танысып, орталықтың ахуалын біліп қайтты.

Алматыдағы «Шаңырақ» орталығында қазір 298 қарт тұрып жатыр. Оның отыз пайызы — қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілдері.
Қарттар үйі — сан қилы тағдырлар мекені. Кейбірінің жұбайы мен балалары қайтыс болып, жалғыз қалған. Енді бірі отбасын құрмаған. Бірақ, көпшілігінің балалары да, немерелері де бар. Бір сөзбен айтқанда, тағдыр тәлкегіне түскен әрбір тұрғынның бастан кешкен өз оқиғасы бар.

«Шаңырақ» орталығын паналаған ата-әжелерді әңгімеге тартып көрдік. Көбі бас тартты. Дегенмен бірер тұрғынмен сұхбаттасудың сәті түсті. Соның бірі — Айымторы Тайғаринова.
— Ақмола облысының тумасымын. Үйдің үлкенімін. Ауылдан қалаға жетінші сыныпты бітірген соң кеттім. Өзімнен кейінгі бауырларым мен сіңілім сол ауылда қалды. Қазір бәрі отбасылы, балалы-шағалы. Ата-анам қайтыс болғаннан кейін арамыз суып кетті, — дейді ол.

Айымторы Тайғаринова — кәсіби актриса. Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында көп жыл жемісті еңбек етті.
Кейін Алматыдағы Қуыршақ театрында және Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеді.

— Театр сахнасында талай басты рөлді сомдадым. Бақытты едім. Бірақ, түрлі себептерге байланысты ол жерден кеттім.Түсініксіз жағдайларды бастан кешірдім. Зейнетке шықтым. Марқұм жолдасым сондай керемет жан еді. Алматының орталығында өз баспанамыз болды. Алайда, одан да айырылып қалдық. Күйеуім қатты ауырды. Ақша жетпеді. Содан кейін үйге бір жігітті тұрғыздық. Ол ай сайын пәтер ақысы ретіне 30 мың теңге беріп тұрды. Сол жігіт мені алдап, құжаттарға қол қойдырып үйді сатып жіберді. Сөйтіп, далада қалдым. Барар жерім, басар тауым қалмады, — дейді актриса.

Жасы 90-ға таяған әжей соңғы 15 жылдан бері осы қарттар үйінде тұрып жатыр.

— Осы жерге келгелі өмірімде көрмеген ілтипатты, сый-құрметті көрдім. Ай-апай деп бәрі сыйлап тұрады. Жағдайым жақсы, — дейді Айымторы әжей.
Қайрат Қалиақперов — екінші топ мүгедегі. Қарттар үйінде 2014 жылдан бері тұрады.

— Жасым 59-да. Семейден келдім. Ажырасқанмын. Ұлым бар. Бұрын баламды көріп, араласып тұратынмын. Соңғы жылдары кездеспейтін болдық. Жақында 19 жасқа толды. Үлкен жігіт болды. Сағындым, — деп күрсінеді Қайрат Қалиақперов.
Айтуынша, уақытын моншақтан түрлі заттар жасаумен өткізеді.

— Сумоншақтан сәндік бұйымдар тоқимын. Түрлі кәдесыйлар жасаймын. Сосын оларды сатамын. Сұраныс жоғары, тапсырыс берушілер көп. Өзіме ұнайды, моншақтарды осы жерде тегін береді, — дейді кейіпкер.
Қарттар үйінде тұрып жатқандардың ең үлкені — 101 жаста. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей өз бетінше жүріп-тұра алмаса да, көзі көрмесе де, әжейдің көкірегі сайрап тұр.

— Бір ұл, бір қызым бар. Қазір екеуі де зейнеткер. Алматыда тұрады. Маған қарайтындай шамалары жоқ. Сондықтан балаларыма ренжімеймін. Немере-шөберелерім келіп тұрады, — дейді Надежда Кленова.
Ғасыр жасаған кейуанадан ұзақ өмір сүрудің сырын сұрадық.
— Ешкімге жамандық ойламаңдар, — деп қысқа қайырды ол.

Орталық отбасының орнын баса алмайтыны анық. Десе де, қариялар үшін барлық жағдай жасалған. Кең бөлме, таза киім, уақытылы тамақ, емдік шаралары.
— Орталықтағы қариялар мен мүгедектерге жеті түрлі арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олар — әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-құқықтық қызметтер. Орталық тұрғындары төрт уақыт тамақпен қамтамасыз етілген. Жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Зейнеткерлер мен мүгедектер тәулік бойы орталық қызметкерлерінің бақылауында. Қазір орталықта 298 қызмет алушы тұрады, оның ішінде 109 адам — 1,2,3 топ мүгедектері. 30 пайызы — қазақ, — дейді Қалибек Ақылбек «Шаңырақ» орталығының директоры.

Дәрігерлер қызмет алушылардың денсаулығын үнемі қадағалап отырады. Бәрі № 10 емханада тіркелген. Негізінен медициналық қызметтердің кепілдік берілген көлемін алады.
Мекеме басшысының айтуынша, арнайы ережеге сәйкес зейнетақының 70% орталықтың шотына түседі.

Ал зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қолында тиісінше 45 мың теңге қалады. Олар бұл ақшаны өз қалауынша жұмсай алады.
Айта кетейік, «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2001 жылы ашылған. Алматының Мамыр шағынауданында орналасқан ғимарат 3 блоктан тұрады.


