Қарттардың күтімге мұқтаждығын Отбасының цифрлық картасы арқылы анықтамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Отбасының цифрлық картасын егде жастағы адамдардың күтімге қаншалықты мұқтаж екенін анықтау үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жүйедегі мәліметтер арқылы өздігінен жүріп-тұруы мен күнделікті тіршілігін атқаруы қиындаған азаматтарды ертерек анықтап, оларға қажетті көмекті ұйымдастыру жоспарланған.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Үкімет басшысының жауабына қарағанда, Отбасының цифрлық картасында қазірдің өзінде егде жастағы адамдардың функционалдық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін бірқатар мәлімет жинақталған. Алдағы кезеңде осы деректер негізінде адамның бөгде біреудің көмегіне қаншалықты тәуелді екенін анықтау мәселесі пысықталады.
Бұл үшін денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдары арасында ақпарат алмасу жолға қойылып, азаматтардың жеке қажеттіліктерін бағалау нәтижелері ескеріледі. Сондай-ақ көрсетілген қызметтердің орындалуын бақылау тетігі жетілдірілмек. Мұның бәрі қолданыстағы цифрлық жүйелердің қызметін қайталамай жүзеге асырылуға тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін, елімізде қарттар саны ең көп өңірлерді жазған едік.