Қарттарға тегін тамақ таратқан алматылық әйел марапатқа ие болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Мейірім керуені» қайырымдылық байқауының қорытындысы жарияланды. Барлығы 5 аталым бойынша 5 адамға марапат ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарттарға тегін тамақ таратқан алматылық әйел марапатқа ие болды

Олардың ішінде алматылық келіншек Рәсима Темірбаева бар.
Ол қамқорлыққа мұқтаж қарт кісілерге күніне 400 тамақ таратады. Қазір Алматыда оның 2 тамақтандыру орны бар. Қариялар күнде таңертең сол жерге барып ыстық тамақ ішеді.
Рәсима Темірбаеваға «Мейірім жолында» аталымы бойынша 1-орын берілді.
«Асар» аталымы бойынша Қарағанды облысынан Сымбат Елікбаева жеңімпаз атанды.
Бойжеткен былғарыдан ұлттық киім тігіп сатумен айналысады. Ол көпбалалы отбасыдан шыққан мұқтаж балаларды тегін оқытады. Осы үшін Сымбат Елікбаева 1-орынға лайық деп танылды.
«Туған жер» аталымы бойынша атыраулық Арман Хайруллин топ жарды. Ол 2017 жылы 10 мың көшетті отырғызу бойынша акция ұйымдастырған. Жасыл желек қорын сақтау мақсатында оның бастамасымен «Атамекен Эко» қоғамдық қоры құрылды.
«Батыл жүрек» бойынша Ақмола облысының тұрғыны 10 жастағы Ұлдана Совет жеңімпаз атанды. Қыз бала түн ішінде өртенген үйден інісі мен сіңлілерін алып шыққан.
«Қайырымдылық тарихы» бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Александра Кондратова марапатталды. Журналист «Неделя СК» газетінде бірқатар қиын жағдайға душар болған мұқтаж адамдарға көмек сұрап мақала жазған.
«Қайырымдылық керуені» байқауының барлық жеңімпаздарына мүсінше, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру орталығына жолдама берілді.
Батыл қыз Ұлданаға ноутбук сыйланды.
Одан бөлек, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры екі арнайы сыйлық тағайындады. Оның бірі Равиль Насифуллинге бұйырды. Жас жігіт ескірген компьютерлік техниканы бұзып, жаңа компьютер құрастырып мұқтаж отбасыларға тегін таратып шыққан.
Екінші арнайы сыйлықты Сайра Матайбаева алды. 2016 жылы ол 5 млн теңгесін қайырымдылыққа жұмсаған. 2017 жылы 12 млн теңгесін берген. Қазір өз қаржысына Қосшы ауылында 200 орындық мектеп салып жатыр.