13:19, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Қартты тонап, өлтіргендер туыстары болып шықты - ІІМ
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат -75 жастағы зейнеткерді тонап, өлтірген күдіктілер Шымкент қаласында ұсталды.

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.
Ағымдағы жылы сәуір айында Қызылорда облысының Шиелі ауылының тұрғыны, 75 жастағы зейнеткердің мәйіті өз үйінде табылған болатын. Тергеу амалдары барысында анықталғандай, қандықол қарақшының бірі мерт болған зейнеткердің немере інісі болып шыққан. Ол қыруар қаржыға кенелем деп, өз сыбайласына туысын тонап, өлтіруді ұсынған. Содан соң, екеуі бірігіп, қарияны өз үйінде соққыға жықты. Сол жерде жәбірленуші жан тәсілім болған. 26-36 жастағы баукеспелер зейнеткердің 200 мың теңгесін иеленіп, оқиға орнынан іздерін суытқан.