Қару тапсырған СҚО тұрғындарына 6 млн теңге төленеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан бері заңсыз айналымда жүрген 25 қаруды тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қару тапсырған СҚО тұрғындарына 6 млн теңге төленеді

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында тәртіп сақшылары 29 жастағы ер адамның аң мылтығын тәркіледі. Ол тіркелмеген мылтықты гаражында сақтап келген. Құқық бұзғаны үшін ер адамға 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Облыстың бес тұрғыны өз еркімен өтеусіз негізде қаруларын тапсырды.

«10 сәуір күні тұрғындардан заңсыз сақталып отырған от қаруларды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталады. Былтыр облыс тұрғындары ішкі істер органдарына 151 қару және 3,2 мыңнан астам патронды тапсырған. Оларға 8 миллион теңге төленді. Биыл осы мақсатқа 6 миллион теңге бөлініп отыр», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Қаруды кез келген аудандық немесе қалалық полиция бөлімшелеріне тапсыруға болады. Арнаулы комиссия оған үш санат бойынша өтемақы белгілейді. Өтемақы сараптамадан кейін төленеді.

Полицейлер заңсыз сақталып отырған қаруды өз еркімен тапсыру азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауаптан құтқаратынын ескертеді.