Қару-жарақ иелеріне қандай талаптар қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда полициясы қару-жарақ иеленгісі келетін азаматтарға оның талаптарын тағы бір еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қару-жарақты заңды жолмен иеленгісі келген азамат eGov порталы арқылы өтініш береді. Ол 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Өтініш тиісті талаптарға сәйкес келсе, құзырлы орган ол азаматқа қару алуға рұқсат береді. Қару иеленгеннен кейін оны сақтаудың ережесі барын ұмытпаған жөн. Ол үйде немесе кеңседе арнайы сейфте сақталуы тиіс және дабыл тетігі болуы міндетті», - деді қалалық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Әмен брифингіде.

Оның айтуынша, қару иесі берілген рұқсатты әр 5 жыл сайын ұзартып тұруы керек.

«Қару-жарақ кәмелет жасына толған азаматтарға ғана беріледі. Нақтырақ айтсақ, 18 жастан бастап газ және электрошок қару, ал 21 жастан бастап тегіс ұңғылы қару-жарақты ұстауға рұқсат», - дейді

Полиция өкілінің мәліметінше, елордада ресми жұмыс істейтін 7 қару-жарақ дүкені бар. Олардың қызметіне арнайы талаптар қойылады.

Қару-жарақ дүкені бөлек ғимаратта орналасуы тиіс. Сонымен қатар күзет, дабыл қағар белгісі және бейнебақылау камерасымен қамтылуы міндетті.

Бұған дейін қару-жарақ ұстайтын астаналықтардың көбейіп келе жатқанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, елордада 10 сәуірден бастап тіркелмеген қару-жарақты қабылдау акциясы басталады.


Соңғы жаңалықтар