Қарулы Күштер туралы жаңа бейнебаян көпшілікке жол тартты
АСТАНА. KAZINFORM — «Бүгін LIVE» студиясында жаңа туындының тұсауы кесілді. Тікелей эфирде қалың көрерменге жол тартқан «Сауыт» музыкалық бейнебаяны Jibek Joly телеарнасының тапсырысымен түсірілген.

Ел рухын көтеретін әуезді әнді Ибрагим Ескендір орындайды.

ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлесіп жасалған жоба еліміздің Қарулы Күштерінің элиталық бөлімі — Арнайы операциялар күштеріне арналады.

— «Сауыт» бейнебаяны — ерлік пен бірлікке арналған гимн. Каспий теңізіндегі операциялар, таулы аймақтағы күрделі тапсырмалар, штурм әрекеттері мен тікұшақтан түсірілген әсерлі кадрлар. Мұның бәрі — Отан қорғау ісіндегі үйлесімділікті көрсетеді, — дейді телеарна қызметкерлері.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада өтетін Жеңіс парадында көрермендерді не күтіп тұрғанын жазған едік.