Қарулы Күштерде ұшқышсыз жүйелер мен жасанды интеллект оқытылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қарулы Күштерінде SARBAZ+ жобасы аясында дрондар, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағыттары бойынша мамандар даярланады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлім етті.
Оның айтуынша, жоба заманауи әскери қызметшінің келбетін қалыптастыруға және әскери қызмет кезінде де, оны аяқтағаннан кейін де қажет болатын практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
— Жоба аясында байланыс және телекоммуникация, радиобайланыс, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтері бойынша мамандар даярлауға арналған мамандандырылған сыныптар құрылып жатыр, — деді Дархан Ахмедиев.
Спикердің сөзінше, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда ұшқышсыз авиациялық жүйелердің, роботтандырылған кешендердің және зияткерлік басқару жүйелерінің маңызы артып келеді. Осыған байланысты ұшқышсыз ұшу аппараттары бағытын дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
Сондай-ақ әскери қызметшілер үшін техникалық зертханалар мен цифрлық дайындық сыныптарын қамтитын заманауи білім беру инфрақұрылымы қалыптастырылып жатыр
Дархан Ахмедиевтің айтуынша, әскери қызметшілер Tech Orda бағдарламасы аясында жасанды интеллект, деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бағыттары бойынша білім алып, халықаралық сертификаттарға ие бола алады
— Оқу нәтижесінде халықаралық сертификаттар беріледі. Бұл әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға және қызметін аяқтағаннан кейін еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери қызметін аяқтаған азаматтардың арнайы тестілеу арқылы ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алатынын хабарлаған еді.