Қарулы күштердің 5 мыңға тарта әскери қызметшісі су тасқынымен күреске жұмылдырылған

АСТАНА. KAZINFORM – Қарулы күштердің 5 мыңға тарта әскери қызметшісі су тасқынымен күреске жұмылдырылған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин айтты.

Құлсары
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Жеке құрам пароммен Ойыл елді мекеніне тәулігіне 10 рейс жасады. 43 адам, 31 жеңіл көлік, сондай-ақ 8 тонна гуманитарлық жүк тасымалданды. Жайық өзенін кеңейту бойынша жару жұмыстары тобының жеке құрамы 2 рет жарылыс жасады. Ақмола облысы Заречный ауылының тіршілік ету объектілерін электрмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Петропавл қаласында және оның маңында жұмыстар жалғасуда. Су басуы мүмкін жерлерді құм салынған қапшықтармен бекіту, жергілікті тұрғындарды эвакуациялау жүргізілуде», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның айтуынша, аумақтық қорғаныс бригадаларының әскери қызметшілері жасанды бөгетті нығайту мақсатында қаптармен құм дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«27 наурыз бен 11 сәуір аралығында Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің 5 мыңға тарта әскери қызметшісі, 170-тен астам әскери техникасы, 11 тікұшақ және 5 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. 2 443 тұрғын эвакуацияланды, түрлі қызметтердің 825 маманы және 111 мың келіден аса жүк тасымалданды. Осы аралықта 300 мың қап құм дайындалып, төселді. Паромның көмегімен Ойыл ауылының тұрғындарын эвакуациялау жүргізілді», - деді Руслан Жангулин.