Қарулы күштер бас штабы адамдарды көшеден ұстап, әскерге алып кету туралы пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әскерге шақыруды ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты, олар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарулы күштер бас штабы адамдарды көшеден ұстап, әскерге алып кету туралы пікір білдірді

«Азаматтарды көшеден ұстап, әскерге алып кету деректері көптеп тіркелуде. Сондай-ақ, денсаулық жағдайы әскерге баруға жарамаса да алып кететінін айтып шағымданғандар бар. Бұл мәселені қалай шешуше болады? Жастарды әскерге ынталандыру үшін министрлік басқа қандай шаралар қабылдап жатыр?», - деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оған ҚР Қарулы Күштерінің бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің офицері, подполковник Руслан Тапашев жауап берді.

«Негізінде әскерге шақыруды ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты. Әскерге шақыру жіберілген, бірақ өз еркімен пункттерге келмеген адамдар бар. Сол себепті жергілікті атқарушы органдар тарапынан рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол іздестіру жұмыстарына жергілікті полиция қызметкерлері тартылады. Сол себепті мұнда шақырту қағаздары бойынша әскерге шақыру пункттеріне келмеген азаматтар мәселесі болып отыр», - деді Р. Тапашов.

Сонымен бірге, спикер әскерге шақыру бойынша медициналық комиссиялар бар екенін атап өтті.

«Бұл комиссиялар облыс көлеміндегі, республикалық маңызы бар қала көлеміндегі денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, орынбасарлары тарапынан жүргізіледі. Шынымен денсаулығында ақауы бар азаматтарды әскерге шақыруға жол берілмейді. Жастарды әскерге ынталандыру үшін тегін жоғары білім, несие төлемін уақытша тоқтату сынды игі шаралар қолға алынып жатыр», - деді Руслан Тапашов.