Қарулы Күштер құрамында ұшқышсыз авиацияны дамыту департаменті құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы Күштер құрамында қаладағы іс-қимылға бейімделген бөлімшелер құрылады. Бұл туралы Бас штабтың Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Дәурен Абдуллин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарулы Күштер құрамында ұшқышсыз авиацияны дамыту департаменті құрылды
Фото: gov.kz

«Урбанизацияланған жерлердегі іс-қимылға бейімделген бөлімшелерді құру жоспарланған. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіншілігін арттыру шаралары өзектендірілуде. Жүзеге асырылған іс-шаралар тез және батыл іс-қимылдарда десанттардың «Әмбебап» құрал ретіндегі рөлін арттыруға мүмкіндік берді.

Стратегиялық бағыттардағы дербес топтар құру жалғасуда. Бұл жұмыс шекарашылар мен ұлттық ұлан және ТЖМ құтқарушы компоненттерінің дамуымен тығыз жүргізілуде», - деді ол.

Бас штаб өкілі қазіргі таңда бірде-бір қарулы қақтығыс ұшқышсыз аппараттардың қолдануынсыз өтпейтінін атап өтті.

«Осы перспективалық бағытты дамыту мақсатында біздер Бас штабта Ұшқышсыз авиация кешенін дамыту департаментін құрдық.

Жедел дайындық шараларына жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарын қатыстыру дәстүрге айналуда», - деді Дәурен Абдуллин.