Қарулы күштерде психолог мамандар жеткілікті ме

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Қарулы күштеріндегі психолог мамандардың саны әлемдік орташа көрсеткіштен аспайды. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарулы күштерде психолог мамандар жеткілікті ме

«Қазіргі уақытта Қарулы Күштерде 295 психолог лауазымы көзделген. Оның ішінде əскери басқару органдарында – 20, жергілікті əскери басқару органдарында – 40, əскери бөлімдерде – 188, мекемелерде – 12, əскери оқу орындарында – 35. Бұл 400 адамға бір психологтан келетін жалпы əлемдік орташа көрсеткіштен аспайды», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның атап өтуінше, әскери психологтардың бар штаты жеке құрамның психологиялық төзімділігін сақтау жəне жауынгерлік (оқу-жаттығу жауынгерлік) міндеттерді орындауға əзір болуын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

«Әскери психологтарды қайта даярлау жəне олардың біліктілігін арттыру əскери қызмет ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының жəне Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады», - деді Әлихан Смайылов.