Қарулы Күштердің қоймалары жанынан тыйым салынатын аймақтар мен аудандарды белгілеуге бағытталған заң қабылданды - Парламент

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселесі бойынша толықтыру енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда мақұлданып, қабылданды.

Қарулы Күштердің қоймалары жанынан тыйым салынатын аймақтар мен аудандарды белгілеуге бағытталған заң қабылданды - Парламент

Аталған заң жобасының мақсаты Қарулы Күштердің әскери құрылымдарының арсеналдарында, қоймаларында сақталатын оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру болып табылады. Осыған орай заң жобасы мен қолданыстағы заңнамаларға бірқатар нормалар енгізіледі. «Біріншіден, Қарулы күштердің қоймаларында сақтауда тұрған оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Екіншіден, қару-жарақ сақтау нысандарында және олар жанасатын аумақтарда тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ қару-жарақ сақтау нысандарының аумақтарына диверсияға қарсы және өртке қарсы іс-шараларды жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау көзделеді»,- деді заң жобасы бойынша баяндаған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов.

Бұдан бөлек Үкіметке Қарулы Күштердің қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандарды белгілеу өкілеттігі беріледі. Ал, тыйым салынған аумақтардағы белгілі шектеулерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылып, айыппұлдар салу да көзделіп отыр. «Бұл ретте, лауазымды адамдар тыйым салынған аймақтар аумағында жеке тұлғалардың қозғалысы мен тұрғылықты жерлерді таңдау еркіндіктері құқықтарын шектегені үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Екіншіден, тыйым салынған аумақтағы шектеулерді бұзғаны үшін жауапкершілік көзделеді», - деді Т. Жанжүменов. Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында қорғаныс саласының мамандары жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, жергілікті жерлерге алдын ала барлау жүргізген. Соның барысында болжамды тыйым салынатын аймақтар аумағында, яғни сақтау нысаны аумағынан сыртқы шекарасы 400 метр қашықтықта жер учаскесінде жеке тұлғалардың тұрмайтыны, өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың орналаспағандығы, соған байланысты оларды көшіру талап етілмейтіні анықталған.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.