Қарулы күштердің суға сүңгуші спортшысы Еуропадан екі алтын, екі күміс медальмен оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті Штаттық командаларды даярлау орталығының нұсқаушысы ефрейтор Шахноза Құрбанова Еуропадан екі алтын және екі күміс медальмен оралды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Қарулы күштердің суға сүңгуші спортшысы Еуропадан екі алтын, екі күміс медальмен оралды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық спортшы Франция, Германия және Чехияда өткен бірнеше жарыстарға қатысты.

Сүңгуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ефрейтор Шахноза Құрбанова Германиядағы Еуропа кубогында карта бойынша бағдарлауда чемпион атанды. Мұнда 200 метрлік эстафетада армия спортшысының қатысуымен қазақстандық жүзушілер командасы екінші орынға ие болды.

Чехиядағы Халықаралық турнирде әйелдер арасындағы топтық жаттығуда Шахноза Құрбанова сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық жүзушілер тұғырдың жоғары сатысына көтерілді.

Францияның ашық чемпионатында біздің жүзуші әйелдер арасындағы топтық жаттығуда күміс жүлдегер атанды.