Қарулы Күштеріміз әр уақытта Тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді - Елбасы
«Қарулы Күштеріміз әр уақытта да Тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді. Сіздер өздеріңіздің қасиетті борыштарыңызды адал атқарып, туған жеріміздің тыныштығын қорғаңыздар, өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңізді, жауынгерлік дағдыларыңызды арттырып, жауынгерлік бауырластық пен бірлікті нығайтыңыздар. Мерейтойлық шерудің қазақстандық армияның әскери қуатын, жоғары рухын көрсететіндігіне сенімдімін», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді батыр бабаларымыздың ерлік жолын одан ары жалғастыруға шақырып, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне ризашылығын білдірді.
«Болашақ ұрпақ үшін Тәуелсіз қуатты Қазақстанды құруға мүмкіншілік жасағандарыңыз үшін барлық ардагерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің еліміздің Қарулы Күштері сіздердің жауынгерлік даңқтарыңызды жалғастырушылар, әкелеріміз бен аталарымыздың ерлік дәстүрін жалғастырушылардың символы. Отанды қорғау және оның қауіпсіздігіне қамқорлық таныту - еліміздің әрбір азаматының борышы әрі міндеті», - деді Мемлекет басшысы.