Қарызының орнына танысының көлігін тартып алған ақмолалық істі болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Өзіне ақша қарыз болған азаматтың көлігін тартып алған Ақмола облысының тұрғыны істі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарызының орнына танысының көлігін тартып алған ақмолалық істі болды

Ведомствоның мәліметінше, 8 тамыз күні Көкшетау қалалық полиция бөліміне өзге адамның көлігін тартып алғаны туралы жергілікті тұрғыннан арыз түскен.

Полиция анықтағандай, 29 жастағы күдікті осыған дейін де ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі бойынша істі болған. Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр елді мекеніне апарар жолдың бойында орналасқан саяжайда күдікті зардап шегушінің «Ваз-2115» автокөлігін иемденіп алған.

Күдікті көлікті қарызының орнына алғанын айтып, ақталмақ болды. Тәртіп сақшылары машинаны заңды иесіне қайтарды.

«Қазіргі кезде, осы оқиға байланысты ҚР ҚК-нің 389-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ведомстводан.