Карзай американдық жекеменшік күзет компанияларын лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деп айыптады
АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат - Ауғанстан Президенті американдық бірқатар күзет компанияларын лаңкестік әрекеттерге және «ауған балаларын өлтіруге» қатысы бар деп айыптады.
«Олар (келісімшарт бойынша қызмет ететіндер) ауған балаларын қырды және бірқатар шабуылдар мен лаңкестік әрекеттеріне жауапты. Шын мәнінде, ол шабуылдардың қаншасын «Талибанның» жасағанын және қанша адамды өлтіргенін біз білмейміз», - деп мәлім етті Ауғанстан Президенті өз сөзінде.
Карзай сондай-ақ елдегі қызметіне тыйым салынған сегіз жекеменшік күзет қызметінің тізіміне кіріп отырған және бүгінде атауын "Экс-и" деп өзгертіп үлгерген Ирактағы әрекеттері бойынша танымал "Блэкуотер" фирмасын баса атап көрсетті.
Карзайдың айтуынша, мұндай фирмалармен 1,5 миллиард доллар сомаға мәмімелер жасалған, және олардың күзетшілеріне, ауған армиясына төленген сомадан әлдеқайда қомақты ақша төленген. «Ақшаның ағымы АҚШ-тағы билік дәлізінен бастау алады. Ал нәтижесінде, қарапайым ауғандықтар зардап шегеді. Елге келіп жатқан ақшалар бізге тек қайғы мен қасірет әкелуде», - дейді ауған президенті.