Кәріздерді тазарту құрылғысына БЖЗҚ есебінен 316 млрд теңге бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі кәріз құбырларын тазалайтын құрылғы құрылысына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 316 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин мәлім етті.
«Еліміздің 89 қаласындағы 69 кәріз құбырларын тазарту құрылғыларын салу және қайта жөндеу қажет. Оның ішінде 27 қалада кәріз құбырларын тазарту құрылғылары жоқ және 42 қалада олардың 60%-дан астамы тозған. Бүгінгі таңда 8 қаладағы жоба республикалық бюджеттен жалпы сомасы шамамен 20 млрд теңгеге қаржыландырылды», - деді Тимур Қарағойшин Мәжілісте өткен «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстел барысында.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары шамамен сомасы 878 млрд теңгеге 61 кәріз құбырларын тазарту құрылғылары жобасын іске асыру қажеттігін айта келіп, оны іске асырудың тетіктеріне тоқталды.
- Халықаралық қаржы ұйымдарының мемлекеттік кепілдікпен берген қарыздары есебінен жалпы сомасы шамамен 200 млрд теңгеге 8 жоба;
- Алдын ала есептегенде сомасы 346 млрд теңгеге республикалық бюджет қаражаты есебінен 28 жоба;
- Қонаев қаласында жалпы сомасы 16 млрд теңгеге 1 жоба;
- 24 жобаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражаты есебінен «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы сомасы 316 млрд теңгеге іске асыру жоспарлануда.