Қаржы министрлігі 3,5 трлн теңгенің стрестік активтерін экономикаға тарту тетіктерін ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының құны 3,5 трлн теңге болатын стрестік активтерін экономикалық айналымға тарту тетігін ұсынды. Аталған ведомствоның атап өтуінше, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін экономикалық айналымға жедел және ашық түрде жіберу салық салынатын базаны кеңейтуге серпін береді.

Қаржы министрлігі 3,5 трлн теңгенің стрестік активтерін экономикаға тарту тетіктерін ұсынды
Фото: Kazinform

«12 қыркүйекте Мәжілісте бюджет жобасы тыныстырылып, онда Ұлттық қордан қаражатты алу және республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің толтырылуына байланысты депутаттардың тарапынан орынды сын айтылды. Жергілікті бюджеттердің кірістері асыра орындалғанымен республикалық бюджеттің түсімі құбылмалығы жоғары тау-кен және мұнай-газ өнімдерінің әлемдік бағасына қатты тәуелді. Депутаттар салық салынатын базаны ұлғайтуды, бизнеске қолдауды арттыру бойынша жұмысты жеделдетуді талап етті. Осындай жедел амалдардың бірі – «тоқтау салынған» активтерді тарту. Бұл – банктер мен МҚҰ-ның проблемалық қарыздары бойынша жеке тұлғалар мен бизнестің кепілзаттары. Бұл активтердің құны түрлі бағалаулар бойынша 3-3,5 трлн теңгенің аралығында», - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Құзырлы орган стрестік активтерді өткізу үшін e-Qazyna.kz платформасында жолға қойылған Talaptar жаңа сервисін пайдалануды ұсынып отыр. Мұнда 10 жылдан бері жекешелендіру аясында республикалық және коммуналды меншік, холдингтер мен банкроттардың активтері саудаланып, сондай-ақ тәркіленген мүлік пен аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су айдындарына қызметпен айналысуға құқықтар беріледі.

Сонымен қатар осы платформада байланыс операторлары арасында жиілікті бөлу (5G), көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбаларды барлау, өндіру құқығына арналған сауда-саттық өткізіледі, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалар бойынша да сауданы өткізуді бастау жоспарланып отыр.

«Бұған қажетті барлық ресурс бар және цифрлы жүйе ҚР ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толығымен сай. Сондай-ақ электронды сауда-саттықты өткізу бойынша жинақталған тәжірибе аталған платформаның ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бүгінде осы жүйеде 330 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Түрлі ақпараттық жүйелер және дерекқорлармен 30-дан астам интеграция жүзеге асырылды», - деп атап өтеді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар