37 блогердің үстінен іс қозғалды — Қаржылық мониторинг агенттігі
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов заң бұзған, ұтыс ойнатқан, онлайн ойындарды жарнамалаған блогерлер туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

— Қазір 37 блогерге қатысты материалдарды өкілетті органдарға жібердік. Олар әкімшілік жауапқа тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни бірінші рет заң бұзса — 300 АЕК (1 107 600 теңге), екінші рет қайталаса — 750 АЕК (2 млн 769 мың теңге). Е. Жанабыловтар бойынша сот шешімін күтіп отырмыз, онда қылмыстық жауапкершілік болады, — деді Ж. Елемесов Мәжілісте өткен брифингіде.
Бұған дейін агенттік өкілі Е. Жанабыловқа қатысты сот шешімі 15 қыркүйекте шығарылғанын, шешім берілген күннен бастап 10 тәулік ішінде заңды күшіне енетінін айтқан еді.
— Қазіргі уақытта біздің ведомствоға материалдар түскен жоқ. Алайда олар түскеннен кейін олармен танысып шығу қажет. Егер онда қылмыстық жауапкершілікке жататын іс-әрекет белгілері болса, тиісті іс тіркеліп, тергеу жүргізіледі. Тергеу барысында құқықтық баға беріп, саралаймыз, — деді Ж. Елемесов.
Еске сала кетейік, бұған дейін онлайн казиноны жарнамалаған блогерлер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін екенін жазған едік.