Қаржы сарапшылары теңгенің не себепті нығайғанын түсіндірді

Қостанай облысы әкімдігінің қызметкерлері бюджеттен 13 млн теңге ұрлаған
Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қаржы сарапшылары қазақстандық валютаның долларға шаққандағы бағамының нығаюына Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қалыптастыруға бөлінген қаражатты айырбастау әсер етті деп санайды.

Қазақстан қор биржасында теңге бағамы нығайып жатыр. 22 сәуір, күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 445,66 теңге болды.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев теңгенің нығаюына Ұлттық қордың конверсиясы әсер етті деп есептейді.

«Біз Ұлттық қордан республикалық бюджетті қамтамасыз ету үшін күн сайын Ұлттық банк арқылы доллар айырбастаймыз. Бұл мұғалімдерге, дәрігерлерге жалақы төлеу үшін керек. Осы айда Ұлттық банк аталған төлемдерге күніне $50 млн ауыстырды. Бұған курс әсер етеді. Валюта бағамы сұраныс пен ұсыныстың нәтижесі. Ұсыныс көп болған кезде барлық сұраныс жабылады. Әлбетте, ол валюта бағамына әсер етеді. Биыл бюджет бағамы бір долларға 470 теңге болса, бүгінгі бағам 445 теңге. Бізде валюта артық сатып алынды, бұл ақылға қонымды. Өйткені күн сайын көптеген валюта ауыстырамыз», - деді ол.

Айтуынша, теңгенің нығаюына мұнай бағасы әсер еткен жоқ.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов те теңге бағамына Ұлттық қордың конверсиясы әсер ететінін атап өтті.

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт, мақсатты трансферт аясындағы доллар резервтерін айырбастау есебінен теңге нығайды деп ойлаймын. Сол себепті доллар әлсіреді. Бұл басты себеп», - деді ол.

Сарапшы теңгенің нығаюы уақытша екенін қосты. Ұлттық қор долларды нарыққа тартуды тоқтатқаннан кейін ұлттық валюта бағамы сәл әлсіреуі мүмкін.

«Мұнай бағасының бір сәт көтерілуі теңге бағамына еш әсер етпейді. Менің ойымша, әңгіме ең алдымен, Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарушы ретінде бюджетті толтыру үшін долларды ауыстырып жатқанында. Өздеріңіз білетіндей, су тасқынынан зардап шеккендерге төлемдер, сондай-ақ басқа да мемлекеттік шығындар күтілуде. Меніңше, мұндай көп мөлшерде долларды теңгеге айырбастау аяқталып, нарықта доллар азайған кезде бағам бұрынғы құнына оралады. Яғни, теңге аздап әлсіреуі мүмкін», - деді Расул Рысмамбетов.

Соңғы жаңалықтар