Қаржы жеткіліксіздігіне байланысты Павлодар әуежайын жөндеу тағы бір жылға ұзарды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Әуежайдағы жөндеу жұмыстары бүгінде 44%-ға ғана орындалған. Жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін тағы 9,3 млрд теңге қажет.

Қаржы жеткіліксіздігіне байланысты Павлодар әуежайын жөндеу тағы бір жылға ұзарды
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласындағы әуежайды іске қосу тағы бір жылға шегерілді. Мердігер компания қаржы жеткіліксіздігіне байланысты нысандағы жөндеу жұмыстарын аяқтамаған.

– Әуежайдағы жұмыстарды деріне жеткізу үшін республикалық бюджеттен қосымша 9,3 млрд теңге қажет. Қаражат бөлу туралы ұсыныстарымыз бүгінде қолдау тапты. Ал жұмыстар келер жылы жалғасады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 2026 жылдың сәуірінде басталуы керек. Жарық-сигналды жабдықтарды орнатуға, асфальт-бетонды жабынды төсеуге 4,5 айдай уақыт жұмсалады. Реконструкция жұмыстары шамамен келер жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр, - деп хабарлады өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, Павлодар қаласының ұшу-қону жолағын реконструкциялауға 2024 жылы «Kyrylys Group RK» ЖШС-мен жалпы сомасы 16,4 млрд теңгеге келісім жасалған.

Жобаны өміршең ету мақсатында сол жылы Ұлттық қордан 4,8 млрд теңге, ал былтыр республикалық және облыстық бюджеттерден 2,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта биыл бөлінген қаражаттың 76,5%-ы ғана игерілген. Ал жөндеу жұмыстары 44%-ға орындалған.

– Жұмыс кестесіне сәйкес, асфальт-бетон жабынын фрезерлеу, кеңейту орындарында жол қабатының негізін салу, дренаж жүйесін орнату бойынша жұмыстар орындалды. Қазіргі уақытта бейнебақылау жүйесін монтаждау және деформациялық жіктерді орнату арқылы периметрлік қоршау құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ шамамен 5 млрд теңге сомаға материалдар мен жабдықтар сатып алынды, - деп қосты басқармадан.

Еске сала кетейік Павлодар әуежайы 1 сәуірден бастап жөндеуге жабылған.

Әуежайды жаңартуға қаражат жетпей жатқаны туралы бұған дейін де жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар