Қаржылық мониторинг агенттігі биылдыққа 34 жобадан 79 млрд теңге артық шығынды қысқартты

Тергеу
Фото: ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында артық шығындар тәуекелдерін барынша азайту бағытында жұмыстар жүргізуде.

Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдармен және квазимемлекеттік сектор өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

«Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 34 жоба бойынша 79 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатының шығындары қысқартылды. Мәселен, Қарағанды облысында „Қарағанды Су“ ЖШС негізгі су тазарту құрылыстарының блоктарын қайта жаңарту жобасының ЖСҚ әзірлеу сатысында құбырлардың 5 түрінің құны артық жобаланғаны анықталды. 

Бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша жобаның мәлімделген сметалық құны 23 млрд теңгеден 16,8 млрд теңгеге дейін төмендетілді, нәтижесінде 6,1 млрд теңге үнемделді», — деп жазды агенттіктен. 

Сол секілді, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын талдау барысында өндіруші немесе олардың дистрибьюторлары болып табылмайтын жеткізушілердің ұсыныстары негізінде интерактивті сенсорлық панельдің құнын арттыру фактісі анықталды.

Агенттік «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен өзара іс-қимыл нәтижесінде панельдердің бағасы нарықтық деңгейге дейін төмендетілді, бұл 14 млрд теңге мөлшерінде артық шығындардың алдын алуға мүмкіндік берген.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметі қылмыстық іске жеткізбей, ерте сатыда ұрлық тәуекелдерін болдырмау арқылы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл призмасы арқылы мемлекет пен адал бизнестің мүдделерін қорғауға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар
telegram