Қаржылық мониторинг агенттігі Бишімбаевтың туыстарына тиесілі активтері тексеруге дайын

Тергеу
Фото: ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қуандық Бишімбаевтың отбасы мен туыстарының активтері қаншалық заңды екенін тексеруге дайын. Бұл туралы аталған ведомство төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісінде болған баспасөз мәслихатында тілшілер Қ.Бишімбаевтың жақын туыстарына тиесілі активтердің заңдылығын тексеру бойынша петиция аясында тиісті тексеру жүргізу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.

Бұл тұрғыда Жеңіс Елемесов активтердің заңдылығына қатысты тексерулер елімізде тұрақты түрде іске асырылып жатқанын айтты.

«Қазір бізде тіркелген қылмыстық іс жоқ. Бірақ біз заңсыз жолмен алынған қылмыстық кірістерге қатысты жалпы негізде тұрақты тексеру жүргіземіз. Егер қылмыстық жолмен алынып, заңдастырылған заңсыз кірістер болса, міндетті түрде жауапқа тартамыз. Петицияға қатысты тоқталсақ, петицияның нәтижесін күтейік. Бұл мәселе бойынша зерттеп, бұған міндетті түрде назар аударамыз», - деді агенттік төрағасының орынбасары.

Бұған дейін БАҚ-та Қ.Бишімбаевтың отбасы мен жақын туыстарының кірісін тексеру жөніндегі петиция басталғаны туралы хабарланған еді.

Еске салсақ, биыл мамыр айында судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты Алқабилердің үкімін оқыды.

Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында, 99-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша – 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, Алқабилер Бақытжан Байжановты ағасы Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырғаны үшін кінәлі деп тапты. Сөйтіп сот Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айырды.

 

Соңғы жаңалықтар