Қаржы дағдарысын мәдени дағдарысқа айналдырып алмауымыз қажет ? Мәдениет және ақпарат министрі
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінгі қалыптасқан жағдайда мәдениет саласының өніміне деген сұраныс арта түсуде.
Әдетте, өмір қиындаған сайын мәдениет пен адамгершілік қасиеттерге қолдау болған және алдағы уақытта да солай бола бермек. Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісінде министр Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мәдениет саласы - жүздеген мамандандырылған мекемелер. Ол ондаған мың жұмыс орындары. Біз қаржы дағдарысын мәдени дағдарысқа айналдырмай, осы орындарды сақтап қалуымыз керек. Бұл бағытта министрлік тарапынан да, мемлекет тарапынан да тиісті шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, дағдарысқа қарамастан биыл мәдениет саласының барлық мамандарының айлық жалақылары 25 пайызға өсті. Ал ұлттық театр деп аталатын корей, ұйғыр, неміс театрларының мамандарының жалақылары осы театрларға академиялық мәртебе берілуіне байланысты екі есеге дейін көтерілді», деді министр.Оның сөзіне қарағанда, мәдениет саласын қаржыландырудың өзгеріске ұшырамауы себепті қазір алдында жоспарланған отандық фильмдер мен сериалдарды өндіру жұмыстары басталып та кетті. «Қазақфильм» киностудиясын әлемдік жаңа заман стандарттарына сай қайта жабдықтау жұмыстары жалғасады», деді М.Құл-Мұхаммед.