Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қоры ипотекалық қарыздар бағдарламасының жүзеге асырылуы барысына алаңдаулы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қоры «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысына алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ұлттық Банк Басқармасының 24 сәуір 2015 жылғы №69 қаулысымен «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы» бекітілген еді. Осы ретте құжатты іске асыру уақытында бағдарламаға 2015 жылдың қыркүйегінде, 2016 жылдың наурызында және 2016 жылдың маусымында тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
2016 жылғы 17 наурыздағы өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, қайта қаржыландыру үшін ақшаны бастапқы орналастыру шегін азайту жолымен бағдарлама бойынша банктер саны кеңейтілді және банктік операциялардың бөлек қызметтерін іске асыратын ұйымдар қосылды.
2016 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша ҚР Ұлттық банк сайтында орналасқан ақпаратқа қарағанда, бағдарлама аясында банктермен қабылданған, мақұлданған және қайта қаржыландырылған өтінімдер тұрғысында бөлінген лимиттер (млрд. теңгемен есептелген):
- «Altyn Bank» АҚ - 0,1
- «Эксимбанк Қазақстан» АҚ - 0,06
- «Сбербанк России» АҚ - 0,05
- «Қазинвестбанк» АҚ- 0,03
- «Delta Bank» АҚ - 0,01
- «AsiaCredit Bank» АҚ - 0,01
- «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ - 3,2
Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қорының мәліметінше, бөлінген лимиттерге қарамастан, бағдарламаға қатысушылар қарыз алушыларды тиісті деңгейде қаржыландырмай отыр.
«Мәселен, Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қорына «Қазақстан Ипотекалық Компаниясының» қарыз алушылары «ипотекалық ұйым бағдарлама бойынша несиелерді қайта қаржыландыруға өтінімдерді қабылдауды қашан бастайды?» деген сауалдарын қойып жатыр. Сонымен қатар 2016 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша ҚР Ұлттық банкінің сайтында орналасқан ақпаратқа сәйкес, бағдарламаға кейбір қатысушылар бойынша тапсырылған және мақұлданған өтінімдер жоқтың қасы»,-делінген аталған ұлттық қордың мәліметінде.
Атап айтқанда, бағдарламаны жүзеге асырудың соңына дейін төрт айға жуық мерзім қалғанын ескере отырып, Қаржы қызметтерін дамытудың ұлттық қоры ҚР Ұлттық банкіне аталған екінші деңгейлі банктер мен «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» бағдарлама аясында проблемалы несиелерді қайта қаржыландыруды не себепті бастамай отырғандығы туралы ақпарат беру өтініш жолдады.
«Сонымен қатар, аталған банктер мен ипотекалық ұйым қарыз алушылардан өтінімдерді қабылдауды қашан бастайтындығы туралы мәліметті нақтылауды сұрадық»,-дейді қордың өкілдері.