Қаржы министрі базалық мөлшерлемені түсіру туралы ұсынысқа түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенат отырысынан кейін базалық мөлшерлемені түсіру туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Сарапшылар да айтып жүр, кеше «Халық банктің» төрағасы да базалық мөлшерлемені түсіру керек деген ұсыныс айтты. Қаржы министрі ретінде базалық мөлшерлемені түсіру елдегі азаматтарды несиеге белшеден батудан қорғай ала ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі.

«Базалық мөлшерлеме көтерілсе, барлық кредиттер мен депозиттердің пайыздық мөлшерлемелері көтеріледі. Бұл жерде екі фактор бар. Біріншіден, кредит алу процесі сәл бәсеңдейді. Оны мойындауымыз керек. Оның ішінде тұтыну кредиттері де бар. Бір жағынан ол дұрыс та шығар. Неге десеңіз, кредиттердің саны көбейген сайын инфялция да өсе береді. Ұлттық банктің мотиві сондай»,- деді министр.

Сондай-ақ базалық мөлшерлеменің жоғары болуы банктердің депозит қорын арттырып жатқанын атады.

«Екіншіден, үлкен оңтайлы жағы – біздің банктердегі беріп жатқан кредиттердің көлемінен, банктердегі депозиттердің көлемі артық. Яғни, азаматтардың ішінде ішінде жинақтауға деген ұмтылысты арттырады. Қазір қарасаңыздар, банктерде депозиттердің 11-ден 15 пайызға дейінгі көлемін халық салып отыр. Осы тұрғыда банктегі депозиттердің көбеюіне әсер етеді. Түбінде кейін базалық мөлшерлеме түскен кезде осы жерде жатқан қаражаттар экономиканы қаржыландыруға жұмсалады», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Еске салсақ, Ұлттық банк жуырда базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін көтерді.
Соңғы жаңалықтар