Қаржы министрі депутаттардың сынына жауап берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұған дейін Қаржы министрлігінің бизнесті тексеруге қойылған мораторийді алып тастау туралы ұсынысын бірқатар депутаттар сынға алды. Ведомство депутаттардың сынына қалай қарайды? Үкімет үйінде өткен брифингіде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қаржы министрлігі кез келген конструктивті сынды қалыпты қабылдайды. Біз арқашан диалогқа дайынбыз. Бірақ бұл жерде мораторийді алып тастау туралы сөз жоқ. Мораторий Президент Жарлығы бойынша 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін сақталады. Қаржы министрлігі жосықсыз кәсіпкерлерді жауапқа тарту бөлігінде ғана мәселес көтерген болатын. Бірнеше мысал келтірейін: өткен жылы сауда операциялары кезінде түбіртек берілмегені туралы 19 мыңнан астам шағым түсті. Тағы бір мысал: біз жүйеде онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолданатын кәсіпкерлердің 50 пайызы ұдайы түбіртек бермейтінін көріп отырмыз», - деді Қаржы министрі.

Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінде мұндай заңсыздықтарға әрекет ету механизмі жоқ.

«Осыған байланысты біз қазір түбіртек бермейтін жосықсыз салық төлеушілерге қатысты салықтық бақылау алгоритмін пысықтап жатырмыз. Мораторий Президенттің Жарлығы бойынша жалғасатынын атап өттім. Түбіртек бермейтін жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты біз салықтық жауап беру шараларын әзірлейміз. Тиісті шараларды біз бизнес қауымдастықтарға ұсынып, олармен талқылаймыз. Біз бизнесті реттеуге қатысы бар кез келген шешімімізді қоғамдық тыңдауға шығарып, талқылаймыз. Бұл мәселе бойынша да міндетті түрде қоғамдық тыңдау өтеді. Депутаттар корпусымен де осы бағытта жұмыс істейміз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар