Қаржы министрі доллар бағамына қатысты: Елімізде тауар арзандайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы төмендеуіне орай импорт арқылы келетін тауарлар арзандайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы министрі доллар бағамына қатысты: Елімізде тауар арзандайды
«Баға төмендейді деп санаймын. Себебі доллар бағамы өскен кезде, импорт арқылы келетін тауарлардың құны көтеріледі. Ал доллар бағамының төмендеуін ескере отырып, импорт тауарлардың бағасы біртіндеп түседі», - деді Е. Жамаубаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол экономикада инфляция да біртіндеп төмендейтінін жеткізді.

«Жылдың басында инфляцияның (20 пайыз) жоғары деңгейі байқалып отыр. 2-3 айдан кейін бұл көрсеткіш төмендейді деп санаймыз. Нақтыланған бюджетте инфляция деңгейін 7,5-9,5 пайыз шамасында белгіленді. Атап айтқанда, елімізде тауар бағасы түседі деп есептейміз», - деді Қаржы министрі.