Қаржы министрі Есеп комитетінің ескертуіне жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қорда активтерді көбірек жинауға мүмкіндік жасалады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есеп комитетінің қорытындысында мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі, бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы мен мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігіне қатысты бірқатар мәселе атап өтілді. Олардың барлығы жұмыс топтарында егжей-тегжейлі талқыланды.

Негізгі ескертулер мен ұсыныстарға түсіндірме беріп өтейін. Есеп комитеті Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер сомаларының ұлғаюын атап өткен. Дегенмен, трансферттердің өсуі әлеуметтік міндеттемелерді, дағдарысқа қарсы шараларды, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және пандемия жағдайында экономикадағы іскерлік белсенділікті қолдау қажеттігімен байланысты болды», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, былтыр Ұлттық қорға тікелей салық түсімдерінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге ұлғайды.

«Биылдан бастап кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдік бюджет қағидаларына негізделетін болады. Жаңа тәсілге сәйкес, Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат оған мұнай секторынан түсетін кірістерден аспайтын болады. Бұл оның жинақтау функциясын күшейте отырып, активтерді көбірек жинауға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Жамаубаев жалпы сипаттағы трансферттерді көбірек алу үшін жергілікті жерде салық базасын кемітіп көрсету фактілеріне қатысты Есеп комитетінің ескертуі орынды екенін айтты.

Сонымен қатар ол мемлекет борышы қауіпсіз деңгейде сақталып тұрғанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар