12:54, 05 Қараша 2013 | GMT +5
Қаржы министрі сатып алулардың тиімділігін арттыруға қатысты тағы бір тың ұсыныс жасады
АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры электронды сатып алулар жүйесіне көшіп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

«Келесі жылдың басынан бастап олар барлық сатып алуларын электронды нұсқаға ауыстыруды жоспарлап отыр. Енді, қазіргі заңнамаға сәйкес, бюджеттік кәсіпорындардың сатып алулары мемлекеттік жүйе аясында өткізілсе, акционерлік коғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер сияқты ұйымдар оған қатыспайды. Бұл жұмыс өз ішінде жүргізеді. Сондықтан олардың барлық сатып алуларын «Самұрық-Қазынаның» электронды жүйесі негізінде өткізуге міндеттеу керек деп санаймын. Осының арқасында мемлекеттік сектордағы мемлекеттік емес сатып алулардың тиімділігін арттыруға болады», - деп атап көрсетті Б.Жәмішев.