Қаржы министрі: Жекешелендірілетін ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысшылары далада қалмайды

АСТАНА. Қазақпарат - Жекешелендіретін ұйымдар немесе кәсіпорындарды сату кезінде ондағы жұмысшылар жұмыстарынан айырылмайды. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуінде осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қаржы министрі: Жекешелендірілетін ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысшылары далада қалмайды

Халыққа есеп беру кездесуінде Қаржы министрлігінің электронды поштасына осы мағынада бірнеше сұрақ келіп түскен. Көпшілікті мазалаған сұраққа Қаржы министрі кездесу кезінде жауап берді.

«Шынында да, бұл өте маңызды сұрақ. Бізде азаматтық және еңбек заңнамасына сәйкес, жеке меншік иесінің ауысуы жұмысшыларды жұмыстан босатуға әсер етпейді. Бұған қоса көп жұмысшысы бар әлеуметтік нысандарды жекешелендіру процесі кезіндегі келісімге жұмысшылардың жұмыс орындарын сақтап қалу туралы міндеттемелерді енгіземіз. Сондықтан, атап өткенімдей, жекешелендіру кезінде әлеуметтік секторға баса маңыз беріледі»,  - деді Қаржы министрі.

Қаржы министрлігінің есеп беру кездесуінде Қазақстанның әр облысынан сұрақтар келіп түсті. Бір жарым сағаттан асқан кездесуде Бақыт Сұлтанов жеке мәселеге қатысты тұрғындардың сұрақтарымен бірге, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.