Қаржы министрлігі демпингке қарсы шараны ойлап тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар кезінде бағаны төмендетуге қарсы норманы енгізуді көздейді. Осыған орай, арнайы заңнамаға қатысты өзгерістер әзірленді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар кезінде ең төменгі бағаның шекті мөлшері белгіленетін болады. Одан төмен баға қойылса, сатып алулар орындалмайды. "Әсіресе, құрылыс саласында демпинг өршіп тұр. Соның салдарынан сапа да сын көтермейді. "Мәселен, шартты түрде бағаның мөлшері 10 процент болады. Одан төмен түсуге болмайды. Ал құрылыс жұмыстарына қатысты аталған көрсеткіш 15 процент болады деп отырмыз. Осы межеден төмен баға қойылса, машина (мемлекеттік сатып алулардың электронды жүйесі - авт.) автоматты түрде ондай өтінімді қайтарып тастайды", - деді Р.Бекетаев бүгін Парламент Мәжілісінде арнайы заңнаманы таныстыру кезінде.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік сатып алулардың жалпы сомасы 3,2-3,5 трлн теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" қоры 4-5 трлн теңгеге, ал қалған ұлттық компаниялары шамамен 2 трлн теңгеге сатып алулар жүргізеді. Осылайша квазимемлекеттік саладағы сатып алулардың жалпы көлемі 7 трлн теңгеге жетіп отыр.