Қаржы министрлігі кедендік әкімшілеудің жаңа ұстанымдарын енгізбек

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған ведомствоның басшысы Болат Жәмішев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, аталған жоспар маңызды мәселелерді қамтитын 7 негізгі блоктан тұрады. Жоспар кедендік тарифтерді біріздендіруді, кедендік инфрақұрылымдарды дамытуды, электронды декларациялауды енгізуді, электронды рұқсат беру мен электронды лицензиялау жүйелерін ықпалдастыруды, кәсіпкер мәртебесін тіркемей-ақ жеке тұлғаларға коммерциялық тауарлар партиясын өткізуді ынталандыруды, өкілетті экономикалық операторлар институтын жетілдіруді, Кедендік бақылау комитетінен фискалды өкілеттікті Салық комитетіне беруді көздейді.
«Басты жаңалық салықтық әкімшілеумен үлестіре отырып, кедендік әкімшілеудің жаңа принциптерін енгізу болып табылады», - деді Б.Жәмішев.
Оның атап өтуінше, кеден органдарынан фискалды қызметтерді салық органдарына беру тауарды сырттан әкелуден бастап сатуға дейінгі өтпелі процесті қамтамасыз ететін болады.