Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуға қатысты бақылауды күшейтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларға қатысатын кәсіпорындардың ақша қаражаттарының жылжуын бақылауға алады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру» тақырыбындағы Үкімет сағатында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуға қатысты бақылауды күшейтпек

«Ешкімге жасырын емес, қазір мемлекеттің қаржысын талан-таражға түсіру үшін көптеген кәсіпорын жалған кәсіпкерлікке жүгінеді немесе салықтан жалтару үшін кәсіпкерлік субъектілері осы жалған кәсіпкерлік арқылы қолма-қол ақшаларын шығарып алады. Осыған байланысты сұрағым, 2015-2016 жылдары қанша қаражат жалған кәсіпкерлік арқылы айналымда болды? Осыған сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолданылады? Жалпы, Қылмыстық Кодекстің 215-бабын ары қарай да қатаңдату қажет шығар. Салық төлемейтіндерге жазаны қатаңдату қажет», - деп сұраған еді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қаржы министрінен.

Сауалға жауап берген Бақыт Сұлтанов бұл бағытта Үкіметте тиісінше жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Ағымағы жылы ілкі жоба ретінде тендерлерге қатысқан құрылысшыларға Қазынашылық қызмет көрсетуде арнайы шоттар ашылатын болады. Олар құрылыс материалдарын сатып алған кезде қазынашылық шоттан қаражат жіберіледі. Одан ары салық органдары жылжыған ақшаны бақылауға алады. Сіз дұрыс айттыңыз. Жекелеген табыс және басқа салықтар уақытылы мемлекеттік сатып алуға қатысатын кәсіпорын тарапынан төленуі қажет», - деген министр депутаттың негізгі сауалына жазбаша жауап беретіндіктерін айтты.