Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларда конкурстың жаңа түрін ұсынбақшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда ұлттық компаниялардың және квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындардың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілерді қорғау мәселелері талқыланды.

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларда конкурстың жаңа түрін ұсынбақшы

Жиын барысында белгілі болғанындай, ҚР Қаржы министрлігі тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жаңа түрін енгізуді ұсынбақшы. Осы мақсатта ведомство арнайы заң жобасын әзірлеуге де кіріскен тәрізді. Мәселен, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, заң жобасымен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу конкурстарын екі кезеңмен өткізу ұсынылады. Оның бірінші кезеңінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің әрбір түрі бойынша білікті ықтимал жеткізушілердің тізімін қалыптастыратын болады. Ал екінші кезең тапсырыс берушінің комиссиясымен жүзеге аспақ. Оған комиссия конкурсқа қатысуға ниетті білікті жеткізушілерді шақырып, ең озық техникалық спецификаны таңдайды, оған бағаларды белгілеу туралы ұсыным жасай алады.

«Мұндай жаңашылдықтарды енгізу нәтижесінде мемл е кеттік сатып алулар бойынша конкурстар өткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқарады. Кәсіпкерлік субъектілерін тежеу жұмыстары да төмендейді. Бұдан бөлек, конкурстың осы түрін БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі Комиссиясы - ЮНИСТРАЛ-дың типтік жаңа заңы ретінде ұсынылып отыр», - делінген Қаржы министрлігінің ұсынған мәліметтерінде.