Қаржы министрлігінде оңтайландыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзі жетекшілік етіп отырған ведомствода оңтайландыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тексеруші және тиімсіз шығыстарды қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2019 жылы Қаржы министрлігінің штат саны 1 815 бірлікке оңтайландырылып, қазіргі уақытта штат 17 978 бірлікті құрайды. Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру шеңберінде Қазынашылық комитеті оған Мемлекеттік сатып алу жөніндегі комитетті қосу жолымен қайта ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ведомстволық бағынысты ұйымдарды оңтайландыру мақсатында Оңалту және активтерді басқару компаниясы Проблемалық кредиттер қорына қосылды. Ал Қаржы академиясы Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев ОКҚ өткен халық алдында есеп беруі кезінде.
Министр сонымен қатар, «Байқоңырбаланс» мемлекеттік мекемесін тиісті саланың уәкілетті органы - Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілгелі жатыр.
«Бүгінгі күні министрліктің оңтайлы құрылымы орталық аппараттан аумақтық бөлімшелері бар бес ведомстводан және ведомстволық бағынысты төрт ұйымнан тұрады», - деді ол.