Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 57,9 пайызға ұлғайды

Оны Ұлттық банк төрағасы бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Григорий Марченконың айтуынша, Қаржы министрлігі былтыр 707,8 миллиард теңгенің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыруды жүзеге асырды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 51,7 пайызға артық. 2009 жылы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары бойынша 67 аукционы өтті. Онда - 6, 9, 12 айлық МЕККАМ; 2, 3 жылдық МАОКАМ; 2, 3, 4, 5 жылдық МЕОКАМ; 6, 7, 8, 9, 10, 11, 13, 15 жылдық МЕУКАМ; 10, 13, 14, 15, 16, 17, 18 және 19 жылдық МЕУЖКАМ орналастырылды. Соның нәтижесінде Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен жылы 57,9 пайызға өсіп, 1288,2 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталары эмиссиясының көлемі 1446,5 миллиард теңге болды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Ноталар бойынша тиімді кірістілік 6,29 пайыздан 3,24 пайызға дейін төмендеді.