Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті «Қорғас» кеден бекеті арқылы өтетін көліктер санын екі есеге арттырмақ
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті «Қорғас» кеден бекеті арқылы өтетін көліктер санын екі есеге арттырмақ. Бұл мәселе жөнінде аталмыш комитет төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейісбеков журналистермен болған брифингтен соң айтты.
Оның сөзіне қарағанда, 1 сәуірден бастап, «Қорғас» кеден бекетінің жұмысы жаңаша тәртіппен жүргізіле бастады. Бұрындары аталмыш кедендік бекет қызметін таңғы 9-00-ден басталып, кешкі 18-00-ге дейін жүргізетін. «Таңғы сағат 9-00-де «Қорғас» кеден бекетімен шекаралас Қытай елінің де кеден қызметкерлері жұмыс істей бастайды. Ал шеттен келетін жүк көліктерді осы Қытай елінің кедендік және өзге де мемлекеттік рәсімдеу шараларын жүзеге асырып біткенше, түс ауады. Одан соң екі елдің де кеден қызметкерлері түстік асын ішуге кетеді. Кеден қызметкерлерінің түстік астарын ішулеріне Қытайда да Қазақстанда да 1,5 сағат бөлінген. Сөйтіп ас ішуге барлығы
3 сағат уақыт кетеді. Бұдан соң Қытайдан тауарларын рәсімдеп бітірген көліктер Қазақстан аймағына келгенше кеш батады. Нәтижесінде көліктер тауарларын бір күн ішінде рәсімдеп біте алмайды», -деді комитет төрағасының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздің кәсіпкерлері «Қорғас» кедендік бекетінде осы тектес оңтайландыру шарасын ұйымдастыруды бұрыннан бері өтініп жүрген. «Осыған байланысты біз Қытай тарапымен осы мәселеге байланысты 3 жыл көліссөздер жүргізіп, ақыры оны іске асыруға қол жеткіздік»,-деді Ө.Бейісбеков.