Қаржы нарығын реттеу агенттігі стрестік активтерді сатып алушылар тізімін кеңейтуді ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі стресстік активтер нарығында ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірінші кезекте, агенттік жеке инвесторлардың қатысуы үшін стрестік активтерді сатып алушылардың тізімін кеңейтуді ұсынады. 2022 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде стрестік активтер мәселесіне байыпты қарау керектігін және банктерден осындай бұғатталған активтерді сатып алуға заңды түрде уәкілетті субъектілер санын кеңейту қажеттігін атап өтті. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін кредиторлардың қарыз алушылармен өзара қарым-қатынасы бойынша қолданыстағы барлық заңнамалық шектеулер жаңа инвесторлар мен сервистік компанияларға қолданылатын болады», - деп жазылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Сонымен қатар, заң жобасы банктерді өндірілген мүлікті экономикалық айналымға тартуға ынталандыруға бағытталған. Ол үшін мұндай мүліктің банктердің балансында болуының 3 жылдық мерзімін белгілеу ұсынылады.
Айта кетейік, 2022 жылғы 8 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланды. Онда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляков стрестік активтер нарығын дамыту қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
Соңғы 5 жыл көлемінде банктердің баланстарын тазарту бойынша түбегейлі шаралар қабылданған, бұл банк секторының стрестік активтерінің мөлшерін 7,7 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берген.