Қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері өткен жылы 27% төмендеді – Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылы жасалған интернет-алаяқтықтың саны 4% - ке, Интернет желісі арқылы микрокредиттер беруге байланысты алаяқтықтардың саны 28%-ке, сондай-ақ қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері 27%-ке төмендеді.
None

Бұл мәліметтерді бүгін Бас прокуратурасының баспасөз қызметі алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы күрес бағытында қолға алынған іс-шаралардың орындалу барысы туралы мәліметтер аясында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан деректерге қарағанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредиттерді электрондық тәсілмен беру қағидаларына өзгерістер енгізді және қарыз алушыларды аутентификациялаудың қосымша тәсілдерін енгізді.

Бас прокуратура Қаржылық мониторингі агенттігімен бірлесіп, әлеуетті қаржы пирамидаларын ерте анықтау тетігін енгізді, азаматтардың жаппай тартылуына жол бермеуге мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық-түсіндіру және алдын алу шараларын қабылдады.

Аталған жұмыстың шеңберінде дивидендтер алу сылтауымен 580 салымшыны заңсыз тарту фактісі бойынша «GAP» компаниясының басшылары қылмыстық жауапқа тартылды.

Банктер операциялардың күшейтілген мониторингісіне және күдікті клиенттермен іскерлік қатынастарды тоқтатуға бағдарланған. Осындай 179 адаммен іскерлік қатынастар орнатудан бас тартылды.

Құқық бұзушылықтың осы түрінің профилактикасы үшін БАҚ-та 4 мыңнан астам материал, посттар мен бейнероликтер жарияланды, сондай-ақ халықты СМС-құлақтандыру жүргізілді.

Өңірлерде «Заң керуені» көшпелі акциялар өткізілді, оның барысында прокуратура мен полиция қызметкерлері халыққа қаржы пирамидалары мен алаяқтықтан сақтық шаралары туралы тиісті түрде жеткізді.

Қабылданған шаралар осы қылмыстардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді.

«Сонымен қатар кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық сұлбаларын әркез жетілдіріп отырады. Көбіне, халықтан алдау арқылы ақша алу үшін өздерін күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады, жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа тұлғалардың және жоғары лауазымды адамдардың суреттерін пайдаланады. Қылмыстың осы түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жалғасуда»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Кибер алаяқтардың 10 қылмыстық тобы әшкереленгенін жаздық.

Телефон арқылы алаяқтық жасаған 32 адамнан тұратын Халықаралық қылмыстық топ жойылды.


Соңғы жаңалықтар