Қаржы полициясы 3 ай ішінде алаяқтық фактілері бойынша 826 қылмыстық іс қозғады ? брифинг

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Ағымдағы жылдың 3 айында қаржы полициясы органдары алаяқтық фактілері бойынша 826 қылмыстық іс қозғады.

Қаржы полициясы  3 ай ішінде алаяқтық фактілері бойынша 826 қылмыстық іс қозғады ? брифинг
Бұл былтырғы жылдың осы кезеңдегі көрсеткіштерінен 10 пайызға артық. Аталмыш мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қозғалған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал сомасы 1 млрд. 329 млн. теңгені құрады, оның 920 млн. теңгесі өтелді. «Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, алаяқтық фактілерінің басым бөлігін тұрғын үй бойынша жасалатын айла-шарғылар құрайды. Солтүстік Қазақстан облысында осындай қылмысқа барған С.Кокорев - 6 жылға, Л.Иовлева 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар мұрағаттың жалған анықтамасы арқылы И.Анохиннің пәтеріне меншік құқығын заңсыз иеленіп, сатып жіберген. Сондай-ақ Алматы қаласында М.Бричевская, Б.Чекотаев, Б.Құнанбаев 6 жылға сотталды. Олар жалған құжаттар негізінде сырттай шығарылған сот шешімі арқылы О.Сералиеваның тұрғын үйін заңсыз иемденіп алған», - деді М.Жұманбай.Сонымен қатар тұрғын үйге қатысты алаяқтықтардың негізгі бөлігін үлескерлік құрылыс саласындағы келеңсіз оқиғалар құрайды. Қаржы полициясы ресми өкілінің айтуынша, Алматы қаласында «Қазкоммерцинжиниринг» және «Доссор Девалопмент» ЖШС басшылары А.Оразбаев 6 жыл бас бостандығынан айырылып, Қ.Сенғазиевқа 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Олар «Елисейские поля» және «Елім-ай» кешенді тұрғын үйлерінің 1005 үлескерінің ақшасын талан-таражға салып, 3,5 млрд. теңге шығын келтірді.