Қаржы полициясы 3 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол бермеді

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Ақпараттық-талдау департаментінің басшысы Олжас Бектенов айтты.
«Ахуалдық орталықпен сатып алу бағаларын негізсіз жоғарылату фактілерін анықтау үшін мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың сатып алу жоспарларына мониторинг жүргізіледі.
Тапсырыс беруші жариялаған тауардың сатып алу құны нарықтық бағалармен салыстырылады және жоғарылату анықталған жағдайда, біз конкурсты жою немесе бағаны төмендету, сондай-ақ кінәлі қызметкерлерді жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгіземіз.
Аталған жұмыстың оң нәтижелері де бар. Жыл басынан бері 3 млрд.теңгеден астам бюджет қаражатын үнемсіз пайдалануға жол берілмеді», - деді департамент басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, ең жиі жанар-жағар май, тамақ өнімдері, техниканы сатып алу кезінде құнын жоғарылату фактілері анықталады.