Қаржы полициясы академиясында курсанттардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтеді
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 11-інде Ақмола облысының Қосшы кентінде Қаржы полициясы Академиясының бірінші курс курсанттарының салтанатты ант қабылдау рәсімі өткізіледі. Аталмыш салтанатты шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің басшылығы, азаматтық қоғам өкілдері мен ата-аналар қатысады, деп хабарлайды академияның баспасөз қызметі.
Қаржы полициясы академиясы алыс және жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс жасады, нақтырақ айтар болсақ, олар Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және АҚШ. Академия қаржы полициясы органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы бағдарламаны жасап шығарған АҚШ Ұлттық қауіпсіздік департаментінің құқық қорғау органдарының федералдық оқу орталығымен өзара тиімді қызмет атқарады.
ТМД қатысушы мемлекеттері салықтық тергеу органдары жетекшілерінің Үйлестіру кеңесінің шешімімен Қаржы полициясы академиясы ТМД елдерінің базалық академиясы болып танылды. Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 27-інде ТМД елдерінің тиісті құрылым өкілдері мұнда кезекті сапармен келмек.