Қаржы полициясы академиясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат - Бүгін, Қаржы полициясы академиясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен болған кездесуге «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ғалымдар шақырылды.
Іс-шара Академияның аллеясында ҰОС батырларына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімінен басталды. Одан кейін келушілер назарына Академия тыңдаушыларының саптық түзілуі мен жекпе-жек шайқас тәсілдері көрсетілді.
Сондай-ақ мерекелік шара барысында, «XXI ғасырда жастарды патриоттық тәрбиелеудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Самат Әшімбаев, қатысушыларды алдағы айтулы күнмен құттықтап, тілектерін білдірді.
Ардагерлер мен қонақтар ҰОС тақырыбына арналған көркем әдебиеттер, тарихи құжаттар мен суреттер көрмесін тамашалап, мерекелік дастарханнан дәм татты.